2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асырудың және валюталық операцияларды мониторингтеудің жаңа Қағидалалары күшіне енді
Көрсетілген Қағидаларға сәйкес экспорттық-импорттық валюталық бақылау – бұл экспорттаушылардың немесе импорттаушылардың экспорт немесе импорт бойынша шетел және (немесе) ұлттық валютаны репатриациялау талабын орындауын бақылау мақсатында:
- валюталық бақылау органдары (мемлекеттік кірістер органы және құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі);
- валюталық бақылау агенттері ретінде уәкілетті банктердің филиалдарын қоса алғанда, уәкілетті банктер жүзеге асыратын шаралар кешені.
Өзгерістер мыналарға енгізілді:
- экспорттаушының немесе импорттаушының экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша есептік нөмірді алу тәртібі, экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт болған кезде репатриациялау талабының орындалуы бақылануы тиіс экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәнін қоса алғанда, оның шарттары мен өлшемшарттары;
- экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеуден алу тәртібі;
- уәкілетті банк клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатқан кезде экспорттаушының немесе импорттаушының экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша репатриациялау талаптарын сақтауын бақылау ерекшеліктері;
- экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша репатриациялау талаптарының орындалуын бақылау тәртібі;
- мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесінде экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың жеке есебін жүргізу тәртібі;
- экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша репатриациялау талаптарының орындалуын бақылау рәсімдерін қайта бастау тәртібі.
Егер экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың (тауарлар/қызметтер) сомасы 50 000 АҚШ долларының баламасынан асатын болса, ҚР шекарасы арқылы өткізілген/өткізілмеген, осындай шарт есептік тіркелуге жатады.
Есептік тіркеу банкі болып табылатын уәкілетті банк (оның филиалы) немесе есептік тіркеу банкі болып табылатын Ұлттық Банктің аумақтық филиалы есепті айдан кейінгі айдың 15 күніне дейінгі мерзімде (репатриациялау мерзімі өткен ай) Ұлттық Банкке нысан бойынша банктік бақылаудың жеке карточкасын мынадай жағдайларда:
1) репатриациялау мерзімі аяқталса, ал экспорттаушы немесе импорттаушы алдындағы экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша бейрезидент орындамаған міндеттемелер сомасы баламасында 50 000 АҚШ долларынан асқан жағдайда;
2) экспорттаушы немесе импорттаушы экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасау мерзімін бұзған жағдайда жібереді.
Валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидалары ақшаны ҚР-нан шығаруға, ҚР валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға және оларды жүргізу тәртібіне бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялардың түрлері мен өлшемдерін айқындайтын жаңа параграфпен толықтырылды.
Жүргізілуі ақшаны елден шығаруға бағытталуы мүмкін валюталық операцияларға мынадай операциялар жатады:
- тиісті валюталық шарт талаптарында (бастапқыда немесе валюталық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шотына аудару көзделмесе, бейрезиденттің резидентке (уәкілетті банкті қоспағанда) ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;
- тиісті валюталық шарт талаптарында (бастапқыда немесе валюталық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шотына аудару көзделмесе, резидентте (уәкілетті банкті қоспағанда) бейрезидентке ақшаны қайтару бойынша талаптардың туындауы көзделетін қаржылай қарыз;
- тиісті валюталық шарт талаптарында (бастапқыда немесе валюталық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін) резиденттің үлестес тұлға болып табылмайтын бейрезидентке қаржылай қарыз нысанын пайдаланғаны үшін сыйақы төлеместен ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;
- егер тиісті валюталық шарт талаптарында (бастапқыда немесе валюталық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттің экспортқа ақы төлеу бойынша міндеттемелерін орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 күннен асатыны көзделген болса, экспорт бойынша операциялар;
- егер тиісті валюталық шарт талаптарында (бастапқыда немесе валюталық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін), бейрезиденттің тауарлар жеткізу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) бойынша немесе аванстық төлемді немесе толық алдын ала төлем соммасын (бейрезидент импорт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда) қоса алғанда, ақшаны қайтару бойынша міндеттемелерін орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 күннен асатыны көзделген болса, импорт бойынша операциялар;
- клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы-бейрезидентке сомасы баламасында 50 000 АҚШ долларынан асқан резиденттің ақша аударымы.
- резиденттің шетелдегі өз шотына баламасында 50 000 АҚШ долларынан асатын сомаға ақша аударымы;
- резиденттің бейрезиденттің пайдасына сомасы баламасында 50 000 АҚШ долларынан асқан өтеусіз ақша аударымы.
Осындай валюталық операциялар бойынша төлем немесе ақша аударымын жүргізу кезінде резидент уәкілетті банкке осы төлем (ақша аударымы) туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына және құқық қорғау органдарына, сондай-ақ уәкілетті банктің талабы бойынша уәкілетті банкке «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарына сәйкес операцияға мониторинг жүргізу және зерделеу үшін қажетті өзге де құжаттар мен ақпаратты беруге рұқсат береді.
Мұндай төлемдерді немесе аударымдарды жүргізу кезінде Банк, ішкі бақылау қағидаларында көзделген клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасына сәйкес, осындай операцияға мониторинг және зерделеу жүргізеді.